ЖАЙСАҢ

Су шығар жалбызы бар шилі жерден,

Сөз шығар естімеген үлгілі елден.

Сайрап қал, қызыл тілім, ел-жұртыңа,

Кұтылған еш ақын жоқ қара жерден.

Біреу жүр өзін-өзі билей алмай,

Біреу жүр келген бақты игере алмай.

Он саусақ қарап тұрсаң бірдей емес,

Біреу жүр жалғыз басы күн көре алмай.

Дүние қусаң қашар, қашсаң жетер.

Өмірді жетемін деп қума бекер.

Дүние ені жалпақ, түбі терең,

Көп адам аттай алмай түсіп кетер.

Кейбіреу ішпей-жемей бөктеріп жүр.

Кей адам бай болуға ептеліп жүр.

Жұртты алдап жиғанын кейбір қулар

Апарып бір шұңқырға төккелі жүр.

1911—1914