ЖАМБЫЛҒА КӨҢІЛ АЙТУ

О, Жәке, жүз жасаған ақынымсың.

Қайғырып Алғадайға жатырмысың.

Сәулесін жүрегіңнің сөндірмеші,

Асқан ед, Алатаудан ақыл-күшің.

Не күшті, дүниеде — адам күшті.

Көрдіңіз бір ғасырда талай істі,

Миуалы Отанның дарағы едің,

Жел соғып, бір жемісің жерге түсті.

О, Жәке, басың көтер елің үшін,

Балаңның кегін алған ерің үшін.

Төсектен бас көтеріп, беліңді бу,

Кеп тұрған мынау халық көңілі үшін.

Жатқаның елден ұят алып ата!

Атағың жер жүзіне мәлім, ата.

Алғадай Отан үшін құрбан бопты,

Мен келдім, басын көтер, көңіл айта!

Өлтіріп жетпіс жауды шейіт болды,

Өлген жоқ, өлтірмейді тарих ата.

Мінсін деп күрең жорға сілкініп тұр.

 Мінсе деп, көк машина құлшынып тұр.

 Баласы талайлардың соғыста өлді,

Қайсысын ЦК — өзі естіртіп тұр.

Бір балаң Отан үшін құрбан болды,

Ер Жәке, тауба қылып орныңнан тұр!

1943